Әлеуметтік желіде өзін жұртқа имам ретінде таныстырған ер адамның әйелін шәкіртіне сыйға тартқаны туралы айтқан видеосы жарияланған болатын. Алматы ПД видеоға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Paryz.kz.
Белгілі журналист Жанар Байсеміздің Youtube-арнасында өзін имам ретінде таныстырған ер адамның сұқбаты жарияланды.
Әңгіме барысында "имам" көп әйел алу тақырыбын қозғап, екінші әйелін шәкіртіне сыйға тартқанын айтқан.
Аталған сұхбатқа Алматы полиция департаменті өкілдері пікір білдіріп, мәлімдемеге қатысты тексеріс жасалғанын жеткізді.
"Желіде өзін діни ағымның өкілі ретінде таныстырған азаматтың видеоматериалы тарап жатқанына байланысты, Алматы қаласыы мемлекеттік органдары тиісті тексеріс жүргізді. Сұхбат барысында Қазақстан Республикасы заңнамасы талаптарына қайшы келетін мәлімдемелер (әйелін шәкіртіне сыйға тарту туралы) айтылғаны, сондай-ақ қоғамдық сана мен конфессияаралық келісімге жағымсыз әсер етуі мүмкін мәселелер талқыланғаны анықталды. Алматы қаласы дін істері жөніндегі басқарма өз құзыреті аясында мұндай мәлімдемелер жасаған тұлғаға қатысты шара қолданып, ол ҚР ҚК ӘҚК 490-бабына сай әкімшілік жазаға тартылды. Діни қызмет туралы заңнаманы бұзғаны үшін оған айыппұл салынды", - делінген хабарламада.
Бұл тұста ПД өкілдері аталған азамат ресми дін өкілі емес екенін алға тартты. Алматы полиция департаменті бұл материалдың таралуына құқықтық баға берді.
"Мәлімдемелердің мазмұны үшін жауапкершілік тек авторда екеніне қарамастан, заңнаманы бұзатын белгілері бар материалдарды таратқан тұлғаға да жауапкершілік артылады. Жарияланым авторы да аталған бап бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды", - делінген хабарламада.