Прямая трансляция

Астана

Астана

-5.03°C

Қазақстандықтар мінген автобустардың алғашқы легі Дубайдан шықты – СІМ

Араб елдерінде қалған қазақстандықтар елге көршілес мемлекеттер арқылы қайтарылады. Бұл туралы сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаев мәлімдеді, деп хабарлайды Paryz.kz.

Қазақстандықтар мінген автобустардың алғашқы легі Дубайдан шықты – СІМ
Фото: pixabay

Оның айтуынша, әуе кеңістігі жабылғанға дейін билет сатып алып, бірақ ұша алмай қалған жолаушылар үшін FlyDubai әуе компаниясы Дубайдан рейс орындаған.

«Біріккен Араб Әмірліктері көптеген әуе компаниялары үшін әуе кеңістігін жапты, алайда өз тасымалдаушыларына жолаушылар алдындағы міндеттемелерін орындауға мүмкіндік беріп отыр. Кешегі рейспен қолында алдын ала сатып алынған билеттері бар азаматтар оралды», — деп түсіндірді Бақаев Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында.

 Билеті жоқ немесе транзитпен жүрген азаматтар балама бағыттармен эвакуациялануда.

«Алғашқы автобустардың легі Дубайдан Оман сұлтанатына қарай жолға шықты. Күн соңына дейін Оман аумағы арқылы 467 азаматты Қазақстанға қайтаруды жоспарлап отырмыз. Екінші бағыт Қатардан Сауд Арабиясы арқылы ұйымдастырылуда. Азаматтар автобуспен Эр-Риядқа, одан кейін Жидда қаласына жеткізіледі, сол жерден оларды қазақстандық ұшақтар елге алып келеді», — деді СІМ басшысының орынбасары.

Сондай-ақ ол Иран әуе кеңістігінің жабылғанына байланысты эвакуация тек құрлық жолымен — Армения, Әзербайжан және Түрікменстан арқылы ғана мүмкін екенін айтты.

Жуырда Түрікменстан аумағы арқылы Иранның солтүстігінде болған 17 Қазақстан азаматы шығарылған. СІМ мәліметінше, отандастарды елге қайтару жұмыстары жалғасуда.