Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов мұғалімдерді WhatsApp мессенджері арқылы тәулік бойы мазалау мәселесін заң жүзінде реттеу қажет екенін айтты, деп хабарлайды Paryz.kz.
Депутаттың сөзінше, бұл проблема пандемия кезеңінде күшейген. Қашықтан оқу кезінде әр сыныпта, әр пәнде бірнеше чат ашылып, ұстаздарға қосымша жүктеме артқан.
Пандемия кезінде WhatsApp мәселесі алға шықты. Бір баланың өзінде 10-15 чаты болады. Мұғалім сабақ біткен соң әр чатқа жауап беруге міндетті емес. Бірінде оқушы, бірінде ата-ана отыр. Оның өзінің отбасы бар, жеке шаруасы бар. Бұл мұғалімнің міндеті болмауы керек, – дейді Аймағамбетов.
Оның айтуынша, WhatsApp – ресми бекітілген білім беру платформасы емес. Ал білім беру саласында кері байланыс орнатуға арналған арнайы жүйелер бар.
«Қазақстанда ресми түрде бекітілген платформалар қатарында EduPage, Kundelik.kz және BilimClass.kz жұмыс істейді. Кері байланысты осы платформалар арқылы жүргізу керек. Шетелде оқушы мектеп бітіргенше мұғалімінің жеке нөмірін білмеуі мүмкін. Ондай тәжірибе бар. Қажет болса, мұғалімнің қызметтік электронды поштасы арқылы байланыс орнатуға болады. Бұл мәселені біріздендіру қажет», – деді депутат.