Астанадағы Qazaq Creative Hub орталығында Creative Aimaq жобасы аясында «Маңғыстау: Тамыр. Талғам. Креатив» атты екі күндік жәрмеңке басталды, деп хабарлайды paryz.kz.
Елордаға Маңғыстау облысынан креативті индустрияның 40 өкілі келді. Олар өңірдің мәдени мұрасы мен шығармашылық әлеуетін танытатын сәндік-қолданбалы өнер бұйымдарын, дизайнерлік киім топтамаларын және авторлық жобаларын көпшілікке ұсынды.
Алғашқы күні «Түп төркінің төрге оздырған Маңғыстау» көрмесі өтіп, «Ақшағыл» ансамблі өнер көрсетті. Мәдени бағдарлама «Дүние дидарындағы дәстүр» сән көрсетілімімен, «Менің әлемім» музыкалық-поэзиялық қойылымымен жалғасты. Сондай-ақ Тамара Асар ән шырқап, «Жорға» би ансамблінің өнерпаздары би биледі.
Нұртас Сали, Маңғыстау облысының Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы:
– Мақсат – осы біздің креаторлардың мүмкіндігін көрсету, дәріптеу және оларға осындай үлкен алаңдар арқылы өсуіне мол мүмкіндік беру. Сондай мақсатпен осындай құрыммен келіп отырмыз. Біздің өңірде де қазіргі таңда 200-дің үстінде креатор арнайы сайтқа тіркеліп, өздерінің жобаларымен жұмыс жасап келе жатыр.
Гүлкенже Өмір, зергер, дизайнер:
Алғашқы рет Астана қаласына келіп отырмыз. «Өмір» зергерлік бұйымдары 7 атадан зергерлікпен айналысамыз. Атауын үлкен Өмір атамыздың атына қойдық. Біздің «Өнер» зергерлік үйінің ерекшелігі қазақ зергерлік өнерінің қаймағын бұзбай, қазіргі заманауи түрде, заманауи үлгіде халыққа ұсынамыз.
Тақырыптық шеберлік сабақтары да ұйымдастырылды.
Мәдениет және ақпарат министрлігі мәліметінше, жәрмеңке өңірлердегі шығармашылық жобаларды танытуға, отандық өндірушілерді қолдауға және креативті кәсіп иелерінің өнімдерін кеңінен насихаттауға бағытталған.
1 қарашада, «Бабаның көзі, жаңаның өзі» сән көрсетілімі, «Домбыра сазы» ансамблінің концерті, дәстүрлі музыка кеші және «Тамыр. Әуен. Рух» концерті өтеді.