Әлеуметтік желіде Шымкент қаласында 4-сынып оқушысының көз жұмғаны туралы ақпарат тарады.
Кейбір бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, 10 жастағы баланы аула сыпырушылар тауып, жедел жәрдем шақырған. Кейін бұл ақпаратты қала әкімдігі растады.
"Шымкентте ауа райының қолайсыздығынан ағаш құлап қайтыс болған баланың туған-туыстарына және жақындарына қайғыра көңіл айтамыз. Қайғылы жағдайға қатысты қала әкімінің тапсырмасымен арнайы комиссия құрылып, оқиғаның мән-жайы тексеріліп жатыр", - деп жазылған хабарламада.
Жергілікті билік қара жамылған отбасыға барлық қажетті қолдау көрсетілетінін атап өтті.
Өткен түні Шымкентте қалың қар жауды. Салдарынан қалада ағаштар құлап, кейбір аудандарда электр желілері үзілді.