Полиция қызметкерлері әйелдерге қатысты жасалған сталкингтің үш дерегін анықтап, жолын кесті. Үш жағдайда да күдіктілер жәбірленушілермен таныс болған, деп хабарлайды paryz.kz.
Екі оқиға Шымкентте, бір оқиға Астанада болған. Шымкентте болған бірінші оқиғада қала тұрғыны полицияға бұрын қарым-қатынаста болған ер адамға қатысты арызданған.
"Қарым-қатынастың тоқтағанына қарамастан, күдікті әйелді мазалауын жалғастырған. Түрлі нөмірлерден қоңырау шалып, хабарламалар жазған, үйіне және жұмыс орнына барып, тыныштығын бұзған", - дейді полиция.
Жәбірленуші онымен байланысын толық үзіп, әлеуметтік желілерде бұғаттап, кездесуден қашқанымен, қудалау тоқтамаған. Күдікті жедел ұсталып, қамауға алынды. Екінші жағдайда сталкинг физикалық күш қолдануға ұласып, жәбірленуші полицияға жүгінген. Полиция сталкинг және ұрып-соғу баптарымен қылмыстық іс қозғап, күдіктіні қамауға алды. Қылмыстық істер тәулік ішінде сотқа жолданды. Ал Бас прокуратура Астанада ұсталған күдікті бұған дейін де дәл осы әрекет бойынша айыпталғанын хабарлады.
"Ер адам алты ай бойы әйелді жүйелі түрде қудалаған. Ол бұған дейін бас бостандығын шектеу түрінде жазасын өтеген, бірақ оның шарттарын бұзған. Сот оны сталкингке кінәлі деп тауып, моральдық зиянды өндіріп,100 сағаттық қоғамдық жұмысқа тартты. Ал жазаның өтелмеген бөлігі нақты бас бостандығынан айыруға ауыстырылды", - деп жазылған хабарламада.