Қостанай облысының тұрғыны 10 мың теңге үшін сотталды. Оған бір жылға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды, деп хабарлайды paryz.kz облыстық прокуратураға сілтеме жасап.
Ведомствоның ресми сайтында жарияланған ақпаратқа сәйкес, Қостанай облысы Бейімбет Майлин ауданының тұрғыны оңай жолмен ақша табуды көздеп, 10 мың теңгеге өзінің банк шотын алаяқтарға берген. Нәтижесінде оның шоты қылмыстық схемада пайдаланылып, өзі қылмыстық жауаптылыққа тартылды.
Сот оны Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 232-1-бабының 4-бөлігі бойынша кінәлі деп таныды. Оған 1 жылға пробациялық бақылау белгілене отырып, бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Осындай құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында аудан прокуратурасының бастамасымен сот процесі аудан тұрғындарының қатысуымен ашық форматта өтті.
Нақты мысал арқылы қатысушыларға оңай табыс табуға ұмтылудың қылмыстық жауаптылыққа әкелуі мүмкін екені көрсетілді.
Прокуратура дропперлік үшін заңнамада айыппұлдан бастап 7 жылға дейін бас бостандығынан айыруға дейінгі жаза көзделгенін еске салды.