Қазақстан президенті Пәкістанның The News International басылымына эксклюзив сұхбат берді. Мемлекет басшысы АҚШ пен Дания арасындағы Гренландияға байланысты дауға қатысты өз пікірін айтты, деп хабарлайды paryz.kz.
Журналист Тоқаевтан Гренландиядағы жағдай туралы сұрады.
"Тәжірибелі дипломат ретінде сіз Гренландияға әскери оккупация жасау мүмкін деп санайсыз ба? Сізге қай сценарий шынайы болып көрінеді?" - деген сұрақ қойды журналист.
Бұған берген жауабында Қасым-Жомарт Тоқаев "жағдайға басқаша қарайтынын" мәлімдеді. Ол халықаралық тәжірибеде елдердің белгілі бір аумақты немесе стратегиялық нысанды ұзақ мерзімді жалға алуы туралы мысалдар көп екенін атап өтті. Президент мұның көбінесе өзара тиімді ортақ мақсаттарға жету үшін жасалатынын айтты.
"Мұндай кез келген шешім мемлекеттердің егемендігі мен БҰҰ Жарғысында бекітілген қағидаттарды құрметтеуді көздейтін халықаралық құқық шеңберінде қарастырылуға тиіс. Ықтимал нұсқалардың бірі – АҚШ пен Дания арасында Гренландияны 120 жылға жалға алу/беру туралы келісім жасасу. Бұл жағдайда Гренландия заңды түрде Данияның бөлігі болып қалады, осылайша оның егемендігі сақталады, ал келісімнің практикалық аспектілері ортақ стратегиялық мүдделерге жауап береді. Тараптар диалогқа, жауапты саясатқа және халықаралық құқықты құрметтеуге негізделген прагматикалық, өзара қолайлы шешімге келеді деп шын жүректен үміттенемін", - деді президент.