Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Шымкентте Нұрай есімді қыздың кісі қолынан қаза табуы бүкіл елді дүрліктіргенін айтты, деп хабарлайды paryz.kz.
Президенттің айтуынша, бұл жағдайға байланысты Ұлттық құрылтайға 130-дан астам өтініш түскен. Нұрайға күдіктінің ұзақ уақыт бойы маза бермей, қоқан-лоқы көрсеткені анықталып отыр.
Ақыры мұның соңы адам өліміне әкеліп соқты. Осыған байланысты Ішкі істер министрлігіне Шымкент қаласының полиция департаментінің әрекетіне құқықтық баға беруді тапсырдым. Бас прокуратура да бұл мәселені жеке тексереді, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде қыз алып қашу мен адам ұрлау әрекеттеріне де арнайы тоқталды.
Қызды алып қашу, адам ұрлау деген сөз – ұлтымыздың беделіне нұқсан келтіретін өрескел әрі жабайы қылмыс. Мұндай қатыгездікке жол беруге болмайды, – деді Президент.