Қасым-Жомарт Тоқаев ЕАЭО-ға мүше елдердің басшыларына үндеу жолдады.
"Биыл Еуразиялық экономикалық одақ үшін мерейтойлық жыл болды. Біз интеграциялық бірлестігімізді дамытудың екінші онжылдығына нық сеніммен қадам бастық. Ортақ міндетіміз – ЕАЭО-ның әлеуеті мен бәсекеге қабілеттілігін нығайту, интеграциялық тиімділігін күшейту. 2026 жылы Еуразиялық экономикалық одақ шеңберіндегі экономикалық процестерді одан әрі дамыту туралы 2030 жылға дейінгі және 2045 жылға дейінгі кезеңге арналған "Еуразиялық экономикалық жол" декларациясы жүзеге асырыла бастайды. Осы стратегиялық құжатта белгіленген мақсаттар мен міндеттерге баса назар аударылады", - деді Тоқаев.
Президент Қазақстанның Ұйымға төрағалығы басталуына орай негізгі бағыттарға тоқталды. Қазақстан ЕАЭО аясындағы серіктестерімен жасанды интеллект, цифрлық реттеу және экономиканы трансформациялау салаларында білім мен тәжірибе алмасуға әзір.
ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер аумағымен өтетін жүк барынша тез, кедергісіз әрі бюрократиялық әуре-сарсаңсыз тасымалдануы керек. Қаржыны серпінді инновациялық жобаларға бағыттау қажет.
Еуразиялық экономикалық комиссия серпінді бастамаларға белсенді түрде қолдау көрсетуге тиіс. ЕАЭО шеңберінде сауда-саттыққа ешқашан кедергі болмауы қажет. ЕАЭО сыртқы серіктестерімен экономикалық ынтымақтастықты одан әрі жандандыра түсуге тиіс.