Прямая трансляция

Астана

Астана

25.77°C

Ақтауда «Сауатты бол» жобасы аясында өңірлік жастар жиыны өтті

Ақтау қаласында Маңғыстау облысы жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының ұйымдастыруымен «Заң мен тәртіп» идеясын ілгерлету мақсатында «Сауатты бол» өңірлік жастар жиыны өтті. Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығы хабарлады, деп жазады paryz.kz.

Ақтауда «Сауатты бол» жобасы аясында өңірлік жастар жиыны өтті
Фото: Қоғамдық коммуникация орталығы

Іс-шараның негізгі мақсаты – жастардың құқықтық, қаржылық, діни, медиа, мәдени және цифрлық сауаттылығын арттыру. Жиынға өңір жастары қатысып, өздерін қызықтырған өзекті мәселелер бойынша мамандардан нақты ақпарат алды.

Кездесу барысында жастарға төрт негізгі бағыт бойынша мазмұнды ақпарат ұсынылды. Мәдени сауаттылық тақырыбында «Қазақстан КВН одағы» республикалық жастар қоғамдық бірлестігінің президенті Есен Елеукен сөз сөйлеп, жастардың шығармашылық ойлауын дамыту мен мәдени коммуникацияның маңызына тоқталды. Қаржылық сауаттылық бойынша ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Дәулет Мұқаев жеке қаржыны басқару, табысты тиімді жоспарлау және артық шығындардан сақтану жөнінде бірқатар пайдалы кеңестер берді.

Құқықтық сауаттылық бағыты бойынша Маңғыстау облысы прокурорының орынбасары Сәкен Самет «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында жастардың өз құқықтарын білуі, оларды заңды жолмен қорғау тетіктері туралы айтып өтті. Ал киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі Құралбек Ғайбуллаев жеке деректерді қорғау, әлеуметтік желілерді пайдалану кезіндегі жауапкершілік және заң талаптарын сақтау мәселелерін нақты мысалдар арқылы түсіндірді.

Дәулет Мұқаевтың айтуынша, жиын ашық әрі еркін форматта өтіп, жастардың көкейінде жүрген сұрақтарына жауап беруге мүмкіндік жасалды. Ол жастардың өз ойын ашық айтып, өзгенің пікірін құрметтей білуі маңызды екенін атап өтті. Сонымен қатар, қаржылық сауаттылықтың маңызына тоқталып, табысты дұрыс бөлу, несие алу кезінде жауапкершілік таныту болашақта көптеген қиындықтардың алдын алатынын айтты.

Жиынның модераторы Есен Елеукен кездесудің стэндап форматында өткенін атап өтіп, бұл тәсіл жастармен еркін әрі тиімді диалог орнатуға мүмкіндік бергенін жеткізді. Оның айтуынша, ресми баяндамаларға қарағанда ашық әңгіме форматы жастарға әлдеқайда түсінікті әрі қызықты болды. Өңір жастары белсенділік танытып, нақты сұрақтар қойып, пікір алмасуға белсене қатысқан.

Іс-шара соңында панельдік пікірталас ұйымдастырылып, қатысушылар спикерлерге өздерін толғандырған сұрақтарын қойды. Кездесу еркін әрі пайдалы форматта өтіп, жастардың жаңа білім мен тәжірибе алуына, өмірлік маңызды мәселелерді дұрыс түсінуіне мүмкіндік берді.