Павлодар қаласында еркін күрестен қазақстандық балуан, Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Дәулет Шабанбайға қатысты қылмыстық іс бойынша сот үкімі шықты, деп хабарлайды paryz.kz.
Спортшыға Ұлттық ұланның патруль қызметкерлеріне күш қолданды деген айып тағылған. Тергеу материалдарына сәйкес, қыркүйек айында түскен шағымнан кейін Дәулет Шабанбай кешкі сағат 21:00 шамасында дәмхана маңында патруль қызметкерлері тарапынан тоқтатылған.
Қызметтік тексеріс дерегіне сүйенсек, тәртіп сақшыларының сұрақтары мен ескертулеріне ол балағат сөздер айтып, бір қызметкерді итерген. Сонымен қатар патруль басшысының иығынан теуіп, бетіне соққы жасағаны, ал тағы бір әскери қызметкердің көзінен жарақаттағаны айтылды.
Оқиға орнына қосымша жасақ шақырылып, тек содан кейін ғана спортшы жерге жатқызылып, қолына кісен салынған. Сот процесі барысында мемлекеттік айыптаушы Дәулет Шабанбайды төрт жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Айыпталушы өз кінәсін мойындағанымен, жарыссөзге қатысудан бас тартты. Сөз соңында ол жәбірленушілерден кешірім сұрады. Тек кешірім сұрағым келеді. Жігіттер, ренжімеңіздер, – деп қысқа ғана пікір білдірді.
Сот шешімімен Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Дәулет Шабанбай кінәлі деп танылды. Оған орташа қауіпсіздік деңгейіндегі түзеу мекемесінде жазасын өтеумен үш жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.