Прямой эфир

Астана

Астана

25.77°C

Новости Казахстана бүгін, 03.12.2025 18:05 Обновлять, 03.12.2025 20:09

Жасөспірімдерді алаяқтықтан қорғау: Астанада «Qarzhy Saqshysy» жобасы басталды

Астанада барлық мемлекеттік мектептер мен колледждерде оқушыларға арналған «Qarzhy Saqshysy» ойыны өтіп жатыр, деп хабарлайды paryz.kz.

Жасөспірімдерді алаяқтықтан қорғау: Астанада «Qarzhy Saqshysy» жобасы басталды
Фото: Астана әкімдігі

Белгілі болғандай, шара «Заң және тәртіп» тұжырымдамасы аясында жүзеге асып отыр. Жобаны Астана қаласы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті мен қалалық Білім басқармасы бірлесіп ұйымдастырған. Ал ойынды ҚР Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен AML Academy және Қаржылық мониторинг агенттігі әзірлеген.

Маман­дардың айтуынша, бүгінде жасөспірімдер құмар ойындар, телефон арқылы алдау, фишинг, қаржы пирамидалары мен дропперлік әрекеттер сияқты тәуекелдерге жиі тап болады. Сол себепті балаларға қаржылық қауіптен қорғануды үйрететін интерактивті құралдың маңызы ерекше.

«Qarzhy Saqshysy» — 10-11-сынып оқушылары мен колледж студенттеріне арналған арнайы ойын. Онда қаржы пирамидалары, фишинг, цифрлық гигиена, дропперлік секілді қауіп түрлері бойынша тапсырмалар мен қысқа жағдайлық сұрақтар жинақталған.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл формат жасөспірімдердің ақпаратты тез қабылдауына және қаржылық қауіпсіздік дағдыларын қалыптастыруға көмектеседі.

Айта кетейік, ойын 1 желтоқсанда басталған. Ол 2025 жылдың 15 желтоқсанына дейін жалғасады. Қорытындысында үздік ойыншыларға бағалы сыйлықтар табысталатыны мәлім болды.