Прямой эфир
Астана
25.77°C
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекет тарапынан ауылға қолдау үнемі көрсетілетінін ерекше айтып өтті, деп хабарлайды paryz.kz.
«Біз бүгін ауылға қатысты көптеген маңызды мәселені көтеріп, нақты міндеттерді айқындадық. Алдымызда тұрған міндеттің бәрін сапалы әрі жүйелі орындасақ, мақсатымызға жетеміз. Ауыл өмір сүруге қолайлы, еңбек етуге жайлы болуға тиіс. Ауыл әкімі осы өте маңызды жұмыстың басы-қасында жүреді. Бүгін әкім Жанар Нұрмұратқызы «Таза Қазақстан» қозғалысы жөнінде өте өзекті мәселе көтерді. Оған алғыс айтамын. Мемлекеттік саясатты халыққа жеткізетін де, елдегі өзгерістердің, атқарылып жатқан ауқымды жұмыстың мән-маңызын жан-жақты түсіндіретін де – әкімдер. Мен сіздерге зор үміт артамын», – дейді президент.
Ол сөзін жалғай отырып, әкімнің ең басты міндеті тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыру екенін қозғап өтті.
«Ауылдағы ағайынның әл-ауқаты жақсарса, ауылдарымыз да көркейеді деген сөз. Сіздер ауылды өркендету үшін табанды еңбек етесіздер деп сенемін. Ауыл халқы елімізді дамытуға зор үлес қосып келеді. Мен осы сәтті пайдаланып, барлық ауыл тұрғындарына зор алғыс айтамын. Мемлекет әрдайым ауылды қолдайды. Себебі ауыл – ұлтымыздың өзегі. Ауылды жаңа көзқараспен, озық оймен, жаңартылған тәсілдермен бірге дамытуымыз керек», – дейді Қасым-Жомарт Тоқаев.