Прямой эфир
Астана
25.77°C
Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы әйелдердің жұмыс уақытын қысқартуды талап етті, деп хабарлайды paryz.kz.
Бүгін партияның мәжілістегі фракциясы премьер-министрге депутаттық сауал жолдап, осы мәселені жан-жақты зерделеуді ұсынды.
"Зерттеулерге сәйкес, Қазақстандағы әйелдер ақылы жұмысқа шамамен 480 минут, оған қоса, отбасына 246 минут жұмсайды. Оған ақша төленбейді. Үйдегі балаларға, егде жастағы адамдарға және ауратын отбасы мүшелеріне, көбінесе, әйелдер қарайды. Осылайша, олардың жалпы күнделікті жүктемесі 13 сағатқа дейін барады", - деді депутат Ажар Сағандықова мәжілістің бүгінгі отырысында.
Оның айтуынша, әйелдердің қазіргі жұмыс жүктемесі денсаулыққа да кері әсерін тигізіп жатады. Ал генедрлік теңсіздікке байланысты жалақының көлемі 15 процентке аз төленеді.
"Әсіресе, ерекше қажеттілігі бар балаларды тәрбиелейтін және қатты ауыратын туыстарына қарайтын әйелдерге баса назар аудару керек. Ондай отбасыларда адамды күтіп ұстауға кететін уақыт бір күнде 6 сағатқа дейін жетеді. Бұл кәдімгідей бір жұмыс күнімен бірдей. Бірақ оны еңбек заңнамасында ескермейді, әлеуметтік кепілдіктер де қарастырылмаған",- деді депутат.
Осыған байланысты фракция депутаттары жұмыс пен үйдегі шаруаны бірге алып жүретін, әсіресе, балалар мен егде жастағы туыстарына қарайтын әйелдер үшін қысқартылған жұмыс аптасын және ыңғайлы жұмыс кестесін заңмен бекітуді ұсынды. Ондайда жалақы мен әлеуметтік кепілдіктер сақталуы қажет.