Прямой эфир
Астана
25.77°C
Атырауда Яна Легкодимованы аяусыз өлтірген екі адамға сот үкім шығарды, деп хабарлайды paryz.kz.
Айыпталушылар – Ризуан Хайыржанов пен оның танысы Алтынбек Катимов. Тергеу кезінде ер адамдар алдын ала сөз байласып, жантүршігерлік қылмысты келісіп алғаны анықталды. Қызды көлікте тұншықтырып, денесін Жайық өзеніне тастаған.
Қылмысты жасап болған соң екеуі дәмханаға кіріп қаннен-қаперсіз сыра ішкен. Қылмыскерлердің әлеуметтік желіде тараған өзара әңгімесі талайдың жағасын ұстатты. Екі соттталушы да жазасын қатаң тәртіптегі түзеу мекемесінде өтейді. Сондай-ақ әрбір сотталушы 15 миллион теңге моральдық және 1,7 миллион теңге материалдық шығын өтеуге міндеттелді.
Сот отырысы кезінде сотталушы Ризуан Хайыржанов марқұм үнемі түсіне кіретінін айтып, өз ісіне өкінетіндігін білдірді. Алайда қыздың анасы жалғыз баласынан айырылғанын, тек сүйегін құшақтап қалғанын айтып, соттан айыпталушыларды өмір бойына бас бостандығынан айыруды сұрады.
Яна Легкодимова былтыр 18 қазанда досымен кездесуге кетіп, сол күйі үйге оралмаған. Янаның денесі сегіз айдан кейін – биыл 20 маусымда Жайық өзенінің жағасынан табылды. Қоғамды дүр сілкінткен қылмыстық іс Атырау облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралды.
Яна Ризуанмен 2022 жылдан бері кездескен. Алайда 2024 жылдың шілде айында Яна жігітінің басқа қызбен қарым-қатынасы туралы біліп, оның арты жанжалға ұласқан.
"Ризуан жанжалдан қорқып, өлтіруді ұйғарған. Ол досы Катимовты көмекке шақырып, оған 500 000 теңге уәде еткен. 2024 жылдың қазан айында Хайыржанов пен Катимов жәбірленушіні өлтіріп, оның құны 700 000 теңге тұратын телефонын алып кеткен", - дейді сот.
Сот үкімімен сотталушылар ҚК-нің 99-бабының 2-бөлігінің 7, 8-тармақтарымен, 202-бабының 2-бөлігінің 6-тармағымен кінәлі деп танылды.
"Адам өлтірудің аса ауыр және жеккөрінішті сипатын, сотталушылардың жеке басын, олардың қылмысқа дейінгі және одан кейінгі әрекетін ескере отырып, сот жазаның әділдігі мен жеткіліктілігі қағидаттарын басшылыққа ала отырып, кінәлілерді өмір бойына бас бостандығынан айыруға үкім шығарды", - дейді ведомство.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.