"Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры" АҚ-ның бұрынғы төрағасы Жандар Омаров бюджет қаражатын жымқырды деген күдікке ілінді, деп хабарлайды қаржылық мониторинг агенттігі.
 
                        Ол алма бақтарын салуға бөлінген бюджет қаражатын қызметтік өкілеттігін пайдалана отырып, жұмыстар мен жабдықтардың құнын негізсіз көтеру жолымен жымқырды деген күдікке ілінді.
"Бұл мақсатқа ол өзімен байланысты "Green Mart Kazakhstan" ЖШС-нің басшысын тартқан. Аталған тұлға бағдарламаға қатысушы болып көріну үшін достары мен туыстарының атына 20 жалған компания тіркеген. Шын мәнінде бұл тұлғалар ешқандай қызмет атқармаған және жобаға қатыспаған. Жалған құжаттар негізінде қорға 1,4 млрд теңге көлемінде лизинг алу туралы өтінімдер ұсынылып, олар кейін мақұлданған", - делінген хабарламада.
Байқау рәсімдерін өткізбестен жеткізуші ретінде бір ғана қатысушы — "Green Mart Kazakhstan" ЖШС таңдалған. Қаражат түскен соң оның бір бөлігі кәсіпорындардың есепшоттарына аударылып, қолма-қол ақшаға айналдырылған. Айта кетері, жабдықтар қымбат бағамен жеткізілген, ал жұмыстар орындалмаған.
Салдарынан мемлекетке келтірілген залалдың жалпы сомасы 430 млн теңгеден асты. Қордың бұрынғы төрағасы 2 ай мерзімге қамауға алынды. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу жалғасуда.
 
                                                     
                                                     
                                                     
                                                     
                                                     
                                                     
                                                     
                                                    