Қызылорда қаласының екі тұрғыны автокөліктерді сату бойынша делдалдық қызмет көрсетеміз деген желеумен азаматтарды сан соқтырған, деп хабарлайды жоғарғы сот.
Олар көлігін сатқысы келгендерді өз компанияларының кеңсесіне шақырып, автокөліктерді 14 жұмыс күні ішінде сату туралы шарт жасасқан.
"Айыпталушылар көліктерді өз аттарына рәсімдеп алғаннан кейін, оларды төмендетілген бағамен сатып, қаражатты өз пайдаларына жаратқан. Салдарынан 18 адам зардап шекті. Заттай дәлелдемелер ретінде танылған 18 автокөлік жәбірленушілерге қайтарылды", - дейді ведомстводағылар.
Бірінші сатыдағы сот айыптаушыларды Қылмыстық Кодекстің 190-бабы 3-бөлігінің 1), 4) тармақтары бойынша кінәлі деп танып, оларға 4 жыл 6 ай және 4 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Алайда апелляциялық саты үкімді өзгертті.
Онда азаматтық талап қоюлар бойынша шешім жойылған. Ал 18 автокөліктің 11-і сотталғандармен арадағы келісімшарт бойынша сатып алған жаңа иелеріне берілген. Қылмыстық істер жөніндегі кассациялық сот істі қарап, бастапқы иелері мен көліктерді сатып алушылардың арасында меншік құқығына байланысты азаматтық-құқықтық дау туындаған деген тұжырымға келді.
Мұндай дауларды қарау қылмыстық іс жүргізу шеңберінен тыс болып табылады және азаматтық іс жүргізу тәртібімен қаралуға тиіс.
Сондықтан талаптар түпкілікті шешілгенге дейін көлік құралдары арнайы тұрақта сақталады. Ал, автокөліктерді алдау жолымен иемдену бойынша қылмыстық жоспарды ұйымдастырған адамдарды бас бостандығынан айыру бөлігіндегі үкім өзгеріссіз қалдырылды.