Оқушы қыз үш рет медициналық тексеруден өткенімен бірде-бірінде оның жүкті екені анықталмаған. Полиция қазір тергеу жүргізіп жатыр.
Оқиға Ақтөбе облысы Ойыл ауданында тіркелді. Оқушы босанып, полиция тергеуді бастады.
— Аталған факті бойынша полиция тарапынан қылмыстық іс қозғалды. Күдікті тұлға анықталып, қамауға алынды. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын, сондай-ақ құқық бұзушылықтың жасалуына ықпал еткен себептер мен жағдайларды анықтауға бағытталған сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүріп жатыр. Кешенді тергеу және іс жүргізу шаралары жүзеге асырылады. Істің барысы полиция департаменті басшылығының бақылауында, — деді Ақтөбе облысы ПД бастығының орынбасары Болат Көшқалиев.
Оқушы қыз биыл наурыз, мамыр және қыркүйек айларында медициналық тексеруден өткен. Ол кезде жүкті екенін анасы да, медицина қызметкерлері де білмеді.
— Ойыл аудандық орта мектептің 9-сынып оқушысы қазір медициналық мекемеде жатыр. Кәмелетке толмаған балаға қатысты өзге ақпарат уәкілетті органдардың құзыретіне жатады және баланың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға бағытталған заңнама талаптарына сәйкес жария етілмейді, — деп хабарлады Ақтөбе облыстық білім басқармасының баспасөз қызметі.