Премьер-министр Олжас Бектенов тұтынушылық кредиттер бойынша тапсырма берді, деп хабарлайды Paryz.kz.
Қазақстанда инфляция деңгейі 12 проценттен асты. Осыған байланысты үкімет қажетті бірқатар шараны белгіледі. Халыққа тұтынушылық несие беру ісін тұрақтандыруға да ерекше назар аударылып отыр.
"Мемлекет басшысы атап өткендей, тұтынушылық несие беру ісін тұрақтандыру бойынша батыл шаралар қабылдау қажет. Банктер мен несие беру ұйымдары, сауда нүктелері тауар бағасындағы бөліп төлеудің нақты құнын, сондай-ақ несиелеу кезіндегі барлық артық төлемді толық ашып көрсетуі тиіс", - деді Бектенов министрлер кабинетінің бүгінгі отырысында.
Оның айтуынша, инфляцияға сырттан келетін азық-түлік бағалары да қысым көрсетіп отыр. Сондықтан ішкі нарықты отандық өніммен барынша қамтамасыз етіп, азық-түлік тауарларының тұрақтандыру қорларын жедел қалыптастырған жөн.