Қазақстанда зейнетақы жинағын пайдалану тәртібіне өзгерістер енгізіледі, деп хабарлайды Paryz.kz.
Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Үкіметте өткен баспасөз брифингінде мәлімдеді.
«Зейнетақы жинақтарын тек стоматологиялық қызметтерге пайдалану тоқтатылады. Ал басқа бағыттар бойынша оңтайландыру немесе қызмет көлемін қысқарту жоспарланып отырған жоқ, олар толық көлемде көрсетіледі, – деп атап өтті ведомство басшысы.
Министрдің айтуынша, осы уақытқа дейін 780 миллиард теңгеден астам қаржы емделу мақсатында қолданылған.
Оның ішінде шамамен 222 миллиард теңге бір ғана өңір арқылы, нақтырақ айтқанда 20-ға жуық емхана арқылы өткізілген.
«Бұл барлық соманың үштен бірін құрайды. Зейнетақы қаражаты негізінен 7 бағыт бойынша жұмсалған: сирек кездесетін (орфандық) ауруларды емдеу, көз ауруларына жасалатын операциялар, реконструктивті хирургия және басқа да медициналық қызметтер. Қазіргі таңда тек стоматологиялық қызметтерді алып тастау туралы шешім қабылданды. Бұл – бірнеше қылмыстық іс қозғалып, заңбұзушылықтар анықталғаннан кейін қабылданған шара, – деді Ақмарал Әлназарова.