Прямая трансляция

Астана

Астана

25.77°C

АЭС құрылысына қатысты келіссөздерде еліміздің мүддесін ескеру қажет - Тоқаев

Мемлекет басшысы Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің отырысында сөз сөйлеп, ғылым мен технология барлық мемлекет үшін стратегиялық маңызы бар мәселе екеніне назар аударды, деп хабарлады Ақорда.

АЭС құрылысына қатысты келіссөздерде еліміздің мүддесін ескеру қажет - Тоқаев
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы өз сөзінде таяуда Қазақстандағы алғашқы атом электр станциясын салу бойынша жұмыстар басталғанын айтып, осы бағыттағы бірқатар келелі мәселеге тоқталды. Жобаны халықаралық консорциум жүзеге асырады. Оның жетекшісі – "Росатом" компаниясы.

"Тиісті агенттік, жалпы, үкімет осы компаниямен келіссөздер өткізген кезде әрдайым еліміздің мүддесін ескеруі қажет, келісімдердің барлығы әділетті, теңгерімді, тиімді болуы керек. Табиғи байлығымызды, яғни уранды талан-таражға салуға болмайды. Бүгін мен мұны ғалымдардың және бүкіл ғылым қауымдастығының алдында әдейі айтып отырмын. Бұл – аса маңызды мәселе", - деді Тоқаев.

Мемлекет басшысының айтуынша, Қазақстан бір атом электр станциясымен шектеліп қалмайды. Сондықтан екінші, үшінші атом станциясын қазірден бастап жоспарлай беру керек.

Президент еліміздің атом ғылымындағы өзекті мәселелерге тоқталып, бірінші кезекте осы саланың кадрлық әлеуетін арттыру қажет екенін жеткізді.

"Елімізде білікті инженерлер, техникалық мамандар тапшы. Бұл – шын мәнінде, өте өзекті мәселе. Атом саласындағы жағдай да дәл осындай. Ахуалды жедел түзеу керек. Бүгінде жоғары оқу орындарын бітіріп жатқан түлектердің 90 пайызы – бакалаврлар. Ал ғылым докторларының үлесі 1 пайызға да жетпейді. Сондықтан докторантураға бөлінетін грант санын көбейту қажет", – деді мемлекет басшысы.