Тараздағы Президент саябағы маңында Ұлттық ұлан сарбаздары пышақ ұстаған жасөспірімді ұстап, полицияға тапсырды. Оқиға Қаратау ықшамауданында патрульдеу кезінде анықталды, деп хабарлайды Paryz.kz.
ҚР ІІМ Ұлттық ұланының 5513 әскери бөлімінің әскери қызметкерлері патрульдеу кезінде қырағылық танытып, қолында пышағы бар жасөспірімді ұстады. Оқиға Қаратау ықшамауданында, Президент саябағына жақын жерде болған.
Қызмет барысында кіші сержант Еркеғали Жиембек пен қатардағы жауынгерлер Бахтияр Тұранов және Ерлан Жарылғап күдік тудырған жасөспірімді байқап қалады. Ұлттық ұлан сарбаздарын көрген ол қашуға тырысқанымен, жедел ұсталды.
Тексеру барысында оның жанынан суық қару – пышақ табылды. Ұсталған жасөспірім ары қарайғы тергеу үшін полиция қызметкерлеріне тапсырылды, – деп хабарлады
Ұлттық ұланның баспасөз қызметі. Ұлттық ұлан мұндай патрульдер күн сайын өтіп, қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталғанын атап өтті.