Атырауда 9 жасар баланы балалар алаңында соққыға жыққан 21 жастағы күдікті ұсталды. Бала жеңіл жарақат алып, психологиялық көмек көрсетілуде. Тергеу амалдары жүргізілуде, деп хабарлайды Paryz.kz облыстық Полиция департаментіне сілтеме жасап.
Атырауда ауладағы балалар алаңында 9 жастағы баланы қатыгездікпен ұрған оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалды. Оқиға тұрғын үйлердің бірінің ауласында болған.
Жедел іздестіру шаралары барысында полицейлер 21 жастағы күдіктіні қолға түсірді. Қазіргі уақытта ол уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Тергеу амалдары жалғасып жатыр. Құқық қорғау органдарының мәліметінше, жәбірленуші бала жеңіл дене жарақатын алған. Қазір оған қажетті психологиялық көмек көрсетілуде. Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етілмейді, – деп мәлімдеді полиция өкілдері.
Полицейлер қала тұрғындарын сақ болуға және кез келген құқықбұзушылықты анықтаған жағдайда дереу хабарлауға шақырады.