Мемлекет басшысы Қырғыз Республикасының президенті Садыр Жапаровты "Алтын Қыран" орденімен марапаттады, деп хабарлады Ақорда.
Қасым-Жомарт Тоқаев марапаттау рәсімінде Садыр Жапаровты қырғыз халқын алға бастап келе жатқан нағыз көшбасшы, білікті саясаткер деп білетінін айтты.
"Қырғызстанды көркейту жолындағы қажырлы еңбегіңізді жоғары бағалаймыз. Салиқалы саясатыңыздың арқасында еліңіз дамудың жаңа кезеңіне қадам басты. Қырғыз экономикасы жоғары қарқынмен дамып келеді" , – деген Тоқаев қырғыз жұрты бұдан да биік белестерді бағындыра беретініне сенім білдірді.
Мемлекет басшысы Қазақстанда бір туған бауырлас ел ретінде Қырғызстанның барлық жетістіктеріне шын жүректен қуанатынын жеткізді.
"Сіз қырғыз елін өркендету жолында табанды еңбек етіп, халқыңызға адал қызмет етіп келесіз. Сондай-ақ халықтарымыз арасындағы достық қарым-қатынасты нығайта түсуге орасан зор еңбек сіңіріп жатсыз. Мұны барша қазақ жұрты жақсы біледі. Осыған орай, мен Сізді Қазақстан Республикасының ең жоғары мемлекеттік наградасы – "Алтын Қыран" орденімен марапаттау туралы шешім қабылдадым. Бұл награда – Қазақ елінің Сізге және бүкіл қырғыз халқына деген ерекше құрметі мен шынайы алғысының риясыз белгісі, – деді президент.
Садыр Жапаров Қазақстан Республикасының жоғары мемлекеттік наградасымен марапаттағаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа және қазақ халқына алғыс айтып, мұны Қырғыз еліне көрсетілген сый-құрметтің белгісі ретінде қабыл алғанын жеткізді. Сондай-ақ бұл екі елдің стратегиялық серіктестігі мен одақтастығының жоғары деңгейін айқындайтынын атап өтіп, уақыттың барлық сынынан өткен ынтымақтастықтың алдағы кезеңде де нығая беретініне сенім білдірді.