Димаш Құдайберген Анкара қаласында өткен Түркі мемлекеттері ұйымының XIII саммиті аясындағы концертте өнер көрсетті. Әнші түркі елдерінің басшылары алдында қазақтың дәстүрлі әндері мен күйлерін орындады, деп хабарлайды paryz.kz.
29 қазанда Президенттік конгресс және мәдениет орталығында Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдер басшыларының құрметіне арнайы концерт ұйымдастырылды.
Кештің қорытынды бөлімінде сахнаға Қазақстан мен Қырғызстанның халық әртісі Димаш Құдайберген шықты. Өнерпаз өзінің шығармашылық қолтаңбасына айналған француз тіліндегі «SOS d’un terrien en détresse» әнін орындады.
Сондай-ақ көрермендерге заманауи өңдеудегі қазақтың халық әні «Самалтау» мен «Адай» күйі ұсынылды. Димаш қазақтың дәстүрлі музыкасын мәртебелі қонақтарға аспаптық өнер шеберлерінің сүйемелдеуімен таныстырды.
Оның өнеріне домбырашылар Темірлан Олжабай мен Ернат Наурыз, қобызшы Олжас Құрманбек және сыбызғышы Санжай Әлмішев қатысты.