Қазақстанда жалпы мақсаттағы авиация эксплуатанттары жоспардан тыс тексеріледі, деп хабарлайды көлік министрлігі.
"Қазақстанның авиациялық әкімшілігі" АҚ 2025 жылғы 22 маусым мен 17 тамызда орын алған авиациялық оқиғаларға тікелей қатысы бар әуе кемелері пайдаланушыларының жұмысын тоқтатты.
"Ұшу қауіпсіздігін арттыру мақсатында Астана, Алматы және Қарағанды қалаларында жалпы мақсаттағы авиация эксплуатанттарының 49 әуе кемесі жоспардан тыс тексеріледі", - дейді ведомство.
Сондай-ақ жеңіл және аса жеңіл әуе кемелерінің ұшу жарамдылығын бағалайтын ұйымдардың қызметі де тексеріледі.
Еске сала кетейік, 17 тамыз сағат 17:40-та Астана маңында жеңіл моторлы ұшақ апатқа ұшырады. Ұшақ Төңкеріс ауылының маңында құлаған. Қазір тергеу комиссиясы тексеріп жатыр.