Соңғы төрт жылдың ішінде ұстаздардың жалақысы екі есе өсті. Бұл туралы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Тамыз конференциясының пленарлық отырысында айтты, деп хабарлайды Ақорда
Президент білім беру саласына айрықша мән беретінін атап өтті.
"2019 жылы президент ретінде қабылдаған алғашқы шешімдердің бірі ұстаздарға қатысты болғанын білесіздер. Қазір – білім мен ғылымның заманы. Бүгін саналы ұрпақ тәрбиелей алсақ, ертең заман көшінің басында жүреміз. Сондықтан осы саланы қолдау мемлекеттік саясаттың негізгі басымдығы болып қала береді", - деді Тоқаев.
Мемлекет басшысының айтуынша соңғы жылдары бұл бағытта ауқымды жұмыс атқарылды. 2019 жылдан бері білім саласының бюджеті үш есе артты.
"Осы уақытта 1 миллионнан астам оқушыға арналған 1200 мектеп ашылды. "Келешек мектептері" ұлттық жобасы аясында жалпы саны 217 мектеп құрылысы жоспарланды. Қазір 128 мектеп салынды. Бұдан бөлек, Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорының қаржысына алпыстан астам мектеп салынды. Тағы 30-ға жуығы салынып жатыр", - деді ол.
Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев "Педагог мәртебесі туралы" арнайы заң қабылданып,
"Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы" атағы белгіленгенін еске салды. Бүгінде 74 мұғалім осы құрметті атаққа ие болған. Былтыр 2 ұстаз "Қазақстанның Еңбек ері" атанды. "Мұғалімдердің әлеуметтік жағдайын жақсарту әрдайым басты назарда. Соңғы төрт жылдың ішінде олардың жалақысы 2 есе өсті. Қазіргі таңда 500 мыңнан астам ұстазға үстеме ақы төленеді", - деп толықтырды президент.
"Білім берудегі өзгерістердің мың көшбасшысы" жобасы қолға алынды. "Осы жобаға қатысқан 332 маман мектеп директоры болып тағайындалды. Мұғалімдер өз міндетіне кірмейтін артық жұмыстан босатылды. Ұстаздың назары бала оқыту ісінде болуға тиіс", - деп түйіндеді мемлекет басшысы.