Прямая трансляция

Астана

Астана

25.77°C

Қазақстандағы электрондық сауданың 90%-дан астамы Алматыға тиесілі

Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен алқалы жиында электрондық сауданың қазіргі жай-күйі мен оның дамыту бағыттары талқыланды, деп хабарлайды Paryz.kz.

Қазақстандағы электрондық сауданың 90%-дан астамы Алматыға тиесілі
Фото: Алматы әкімдігі

Басқосуда Алматыны Қазақстан мен Орталық Азиядағы электрондық коммерцияның басты орталығы ретінде рөлін нығайту мәселесіне баса назар аударылды.

Қалалық кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының мәліметінше, 2024 жылдың қорытындысы бойынша Алматыдағы электрондық сауда көлемі 5,3 трлн теңге болған.

Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 42% жоғары. Оның ішінде 3 трлн теңгесі тауарлардың бөлшек саудасына, 2,3 трлн теңге онлайн қызмет көрсетуге тиесілі. Осылайша, Алматының республика бойынша онлайн саудадағы үлесі 90%-дан асып отыр.

Алматыда 1500-ден астам белсенді электрондық коммерция субъектісі жұмыс істейді, бұл ел аумағында тіркелгендердің шамамен жартысы. Негізгі бағыттарға күнделікті тұтынатын тауарлар, техника, киім-кешек, косметика, сондай-ақ, жеткізу, көлік және брондау салаларындағы қызметтер жатады.

Маңызды бағыттардың бірі логистика және қойма инфрақұрылымын дамыту. Қалада электрондық саудаға бейімделген тарату орталықтары іске қосылып, ірі логистикалық нысандардың құрылысы құрылысы қарқын алып келеді. Бұл өз кезегінде жаңа жұмыс орындарының ашылуына, онлайн тапсырыс қабылдау мен жеткізу жылдамдығын арттыруға мүмкіндік береді.

Кездесу барысында қала базарларды жаңғырту электрондық сауда жүйесінің қосымша элементі ретінде қаралды. Алматыдағы 59 базардың 41-і жаңартудан өткен. Бұл нысандарда цифрлық сауда жүйесі енгізіліп, тұрақты интернет желісі тартылып, сақтау, логистика және қолма-қол ақшасыз төлем аймақтары жүйеленіп келеді. 10 мыңнан астам сатушы дәстүрлі сауда тәсілін онлайн форматпен сәтті ұштастырып отыр.

Сонымен қатар шағын және орта бизнесті қолдау шаралары талқыланды. Шаһарда цифрлық дағдыны дамыту, халықаралық платформалармен жұмыс істеуді үйрету және онлайн арналар арқылы шикізаттық емес өнімді экспорттауға бағытталған білім және кеңес беру бағдарламалары жүзеге асырылып отыр.

Кеңес соңында қала басшысы Дархан Сатыбалды инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруды жеделдетуді, цифрландыру ісін кеңейтуді және онлайн платформалармен серіктестікті күшейтуді тапсырды.

Жоспарға сай, 2025 жылдың соңына қарай Алматыдағы электрондық бөлшек сауда көлемі 3,5 трлн теңгеге жетіп, ал 2030 жылға қарай бөлшек сауда айналымындағы электрондық сауданың үлесі 50%-дан кем болмайды деген үміт бар.