Алматы қаласында миллиондаған қаражатты заңсыз иемденген қылмыстық топ ұсталды, деп хабарлайды қаржылық мониторинг агенттігі.
Қылмыстық топ құрылыс саласындағы мемлекеттік сатып алуларға қатысып, жалған мәліметтерді қолданған.
"Қылмыстық схемаға қатысушылар 2021 жылдан 2024 жылға дейін жалған компаниялар арқылы құрылыс жұмыстарын жүргіземіз деп тендерлерге қатысқан. Рейтингтерін көтеру мақсатында қолдан жасалған құжаттар мен жалған мәліметтерді пайдаланған", - дейді ведомстводағылар. Мұндай қызмет үшін ұйымдастырушылар 500 мыңнан 1,5 млн теңгеге дейін сыйақы алып отырған.
"Заңсыз жолмен алынған жалпы табыс 664 млн теңгеден асқан. Бұл қаражатқа 11 автокөлік пен 12 жылжымайтын мүлік: 5 тұрғын үй мен 7 жер учаскесі сатып алынған", - дейді агенттіктегілер.
Тергеу болжамы бойынша, заңсыз әрекеттердің нәтижесінде бірқатар ұйыммен жалпы сомасы 70 млрд теңгеге жуық келісімшарттар жасалған. Төрт күдікті ұсталып, тергеу изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта тергеу жүріп жатыр.