Прямая трансляция

Астана

Астана

25.77°C

Тоқаев дәрігерлерге күш қолданғандарды қатаң жазалау ұсынысын қолдады

Мемлекет басшысы медицина қызметкерлеріне жасалатын шабуылдарға қатысты жазаны қатаңдату туралы ұсынысты қолдайтынын мәлімдеді. Бұл жөнінде Президенттің кеңесшісі Руслан Желдібай хабарлады.

Тоқаев дәрігерлерге күш қолданғандарды қатаң жазалау ұсынысын қолдады
Фото: Ақорда

Бұл бастама қоғамда резонанс тудырған соңғы оқиғалар мен дәрігерлерге бағытталған зорлық-зомбылық деректерінен кейін көтерілген болатын.

Желдібайдың хабарлауынша, Қасым-Жомарт Тоқаев бұл мәселеде Парламент депутаттарының, медицина саласы өкілдерінің және белсенді азаматтардың пікірін ескеріп, «Заң және тәртіп» қағидатына сай нақты әрекет қажет екенін атап өтті.

– Дәрігерлердің денсаулығына нұқсан келтіріп, өміріне қауіп төндіретін мұндай келеңсіздіктерге құқықтық тұрғыда батыл тосқауыл қойылуы керек, – делінген мәлімдемеде. 

Соған байланысты Президент Үкіметке заңнамаға тиісті түзетулер әзірлеуді тапсырды. Бұл бастама Парламентте азаматтық қоғам өкілдерінің қатысуымен ашық түрде талқыланатын болады.

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, Парламент дәрігерлерге күш көрсеткендерге қатысты жеке жауапкершілік енгізуді, сондай-ақ шабуыл кезінде алған жарақаттарға байланысты міндетті сақтандыру жүйесін кеңейтуді ұсынған. Алайда оның айтуынша, бұған дейін мұндай ұсыныстар үш рет берілсе де, Үкімет қолдамаған. Енді Президенттің қолдауымен бастама заң жүзінде жүзеге асуы мүмкін.