Прямая трансляция

Астана

Астана

25.77°C

Жетісу тұрғыны жүкті әйелін атқа сүйретіп өлтірді

Жетісу облысының Ақсу ауданына қарасты Баласаз ауылында 32 жастағы Айзат Жұманованы күйеуі қатыгездікпен өлтірген, деп хабарлайды paryz.kz.

Жетісу тұрғыны жүкті әйелін атқа сүйретіп өлтірді
фото: әлеуметтік желіден

Қылмыс 21 маусым түні болған. Қанды қылмысты марқұмның жұбайы Айбар Жанболат жасады деген күдік бар. Желіде тараған мәліметке жүгінсек, марқұмның туыстары көп сағат бойы азапталғанын айтады.

Күйеуі әйелін екі жасар бүлдіршінінің көзінше қатыгездікпен ұрып-соққан. Бұдан бөлек, оны арқанмен қолынан байлап, жылқымен сүйрегені де айтылды.

«Ақсу ауданына қарасты Баласаз ауылында тұратын сіңлім Айзат Маратқызы 21 маусымнан 22 маусымға қараған түні күйеуінің соққысынан көз жұмды. Күйеубала оны көршісінің көлігімен Суықсай ауылындағы ата-анасының үйіне апарған. Кейін Жансүгір кентіндегі аудандық ауруханаға жеткізген. Алайда онда жөндеу жұмыстары жүріп жатқандықтан, Талдықорғандағы көпсалалы ауруханаға алып барған», – дейді әпкесі Раушан Дәрімбекова.

Оның айтуынша, қолдарында дәрігер қорытындысы бар.

«Қорытындыға сәйкес, емдеу мекемесіне жеткізілген кезде пульсі соқпаған, қан қысымы болмаған – бәрі нөл. Соған қарамастан «комада жеткізілді» деп жазып қойған. Аурухана ешқандай нақты ақпарат бермей отыр. Ертеңінде енесі келіп, қаралы хабарды жеткізді. Айзаттың «жоғарғы қабаттан құлап кеткенін» айтты. Бірақ біз бұған сенбейміз», – дейді ол.

Осы жағдайға қатысты Жетісу облыстық денсаулық сақтау басқармасы тергеу жүріп жатқанын айтты.

«Қайтыс болған адамға қатысты ақпаратты тек полиция мен сот-медициналық сараптамадан ғана аласыздар. Тергеу жүріп жатыр. Сондықтан, денсаулық сақтау басқармасы ешқандай ақпарат бере алмайды. Оған құқығымыз жоқ, – деп жауап берді басқарманың баспасөз қызметінен.

Ал, марқұмның туыстары мәйітті сот-медициналық сараптамасыз алғандарын айтады.

«Мәйітханадан ешқандай құжатсыз алдық. Сіңлімнің денесінде сау жер қалмаған. Үсті-басы көгала қойдай көгеріп кеткен. Ашық жарақаттар да бар. Бұл – тұрмыстық зорлық-зомбылықтың айқын көрінісі. Ол күйеуінің қолынан қаза тапты. Тергеу әділ өтіп, кінәлі адам лайықты жазасын алса екен. Артында қан жұтып қалған ата-анасы мен екі жасқа да толмаған кішкентай қызы қалды», – дейді ол. 

Қайғылы оқиға кезінде екі жасар қызы барлық жағдайды көзімен көрген. Қазір ол ауыр психологиялық күйзеліске ұшырап отыр.

«Қызымыз сөйлемейді. «Мама, мама» деп қана күбірлейді. Түнде ұйықтамайды, қараңғыдан қорқады. Барлығын көрді, бірақ айтуға шамасы жоқ», - дейді туыстары. Жетісу облыстық Полиция департаменті қазір қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүріп жатқанын мәлімдеді.

«Аталған факті бойынша полиция қылмыстық іс қозғады. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Қазір оқиғаның барлық мән-жайы анықталып, тергеу жүргізіліп жатыр. Тергеу мүддесіне байланысты басқа ақпарат жариялауға жатпайды,– делінген ведомство жауабында.