Ұлттық қауіпсіздік комитеті 14 шілде күні Алматы қаласының полиция департаментімен бірлесіп, кісі ұрлау және өлтіру ісі бойынша күдікті екі адамды ұстады. Арнайы операция Өскемен қаласының тұрғынын ұрлап, 2025 жылы мамырда өлтірген қылмыстық топқа қарсы жүргізілді, деп хабарлайды Paryz.kz.
Тергеу деректеріне сәйкес, ұсталған екі күдікті 2025 жылдың маусым айынан бері іздеуде жүрген. Оларға қатысты екі ай мерзімге қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы тағайындалды. Қазіргі уақытта олар уақытша ұстау изоляторына қамалған.
Сонымен қатар, іздеуде жүрген күдіктілерді қасақана жасырып келген Алматы қаласының тұрғынына қатысты да қылмыстық жауапкершілік мәселесі қаралуда. Қылмыстық кодекстің 432-бабына сәйкес, қылмыс пен қылмыскерлерді жасыру заң бойынша жазаланатын әрекет екенін еске саламыз.
Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабының 1-бөлігіне сәйкес, өзге ақпарат тергеу мүддесіне байланысты жария етуге жатпайды.