Соңғы жылдары Қазақстанның қоғамдық-саяси өмірінде «Ұлттық құрылтай» институты ерекше маңызға ие болды. Түрлі пікірлер мен көзқарастар тоғысқан бұл алаң жай ғана дәстүрлі басқосу емес, еліміздегі саяси мәдениет пен бәсекелестіктің жаңа сапалық кезеңге өтуіне түрткі болған маңызды механизмге айналуда.
Бұрын отандық саяси кеңістік көбіне екі полюсті сипатта болатын: бір тарапта ресми билік, екінші тарапта оған мүлдем қарсы оппозиция тұрды, ал ортадағы сындарлы диалог жетіспейтін. Құрылтай ең алдымен осы вакуумды толтырды. Мұнда бәсекелестік көше шерулері немесе өзара айыптау форматында емес, идеялар мен нақты жобалар деңгейінде жүре бастады.
Құрылтай құрамына мемлекеттік шенеуніктермен қатар азаматтық қоғам белсенділері, тәуелсіз сарапшылар мен түрлі бағыттағы тұлғалардың енуі саяси пікірталастың сапасын арттырды. Саяси күштер өз ұсыныстарының өміршеңдігін дәлелдеу үшін интеллектуалды бәсекеге түсуге көшті.
Бұл үдеріс шешім қабылдау процесін монополиясыздандыруға тікелей ықпал етуде. Құрылтай — заң шығарушы орган болмаса да, оның алаңында көтерілген бастамалар тікелей мемлекеттік шешімдер мен заңдардың қабылдануына негіз болып келеді. Мысалы, буллингке қарсы заңнама, нашақорлық пен құмар ойындарға қарсы күрес секілді өткір әлеуметтік мәселелер дәл осы жерде пісіп-жетіліп, мемлекеттік саясаттың басымдығына айналды. Биліктің шешімдерді тек жабық кабинеттерде емес, қоғамның белсенді топтарымен ақылдаса отырып қабылдауы мемлекеттік басқарудағы бұрынғы монополияны әлсіретудің нақты көрінісі.
Сонымен қатар, бұл үдеріс саяси элитаның табиғи түрде жаңаруына жол ашты. Саяси бәсекелестік жаңа көшбасшыларсыз мүмкін емес, ал Қрылтай өңірлік және республикалық деңгейдегі жаңа сарапшылар мен қоғамдық пікір көшбасшыларының танылуына мүмкіндік беретін тиімді алаңға айналды. Ашық пікірсайыстарда өз жобаларын қорғай алған тұлғалар кейіннен парламенттік сайлауларға қатысып, мемлекеттік қызмет пен қоғамдық кеңестерге тартыла бастады.
Әрине, бұл институттың әлі де дами түсетін тұстары бар. Сарапшылар оның тиімділігін одан ары арттыру үшін Құрылтайда айтылған ұсыныстардың атқарушы билік тарапынан орындалуын бақылайтын ашық цифрлық жүйе қажеттігін және плюрализм аясын одан әрі кеңейту керектігін алға тартады.
Қорыта айтқанда, Құрылтай Қазақстандағы саяси бәсекелестікті «ортақ жауапкершілік пен сындарлы серіктестік» бағытына ауыстырудың басты құралына айналды. Мемлекет пен қоғам арасындағы бұл тың серпін басқару шешімдерінің сапасын арттырып, елдің тұрақты дамуына қызмет етпек.