Тараз қаласының прокуратурасы еңбек және зейнетақы заңнамасының талаптарын бұзу фактілерін анықтап, 742 азаматтың құқығын қорғады, деп хабарлайды Paryz.kz.
Атап айтқанда, «Жасыл Ел Тараз» ЖШС 2025 жылдың басынан бері 605 қызметкердің 24 млн теңге мөлшеріндегі міндетті зейнетақы жарнасын аудармаған.
Сондай-ақ, Тараз қалалық Білім бөлімінде еңбек еткен 19 зейнеткерге қатысты да осындай заңбұзушылықтар анықталып, 3 млн теңге көлеміндегі жарналар төленбегені белгілі болды. Прокурорлық қадағалау актісінің негізінде жалпы сомасы 27 млн теңге зейнетақы жарнасы толық өтеліп, қызметкерлердің құқықтары қорғалды.
Сонымен қатар, прокуратура мүмкіндігі шектеулі жұмыскерлердің еңбек құқықтарын қорғау бойынша да шаралар қабылдады. Прокуратураның араласу нәтижелерімен 41 мүмкіндігі шектеулі қызметкердің жұмыс уақыты қысқартылды, 45 адамға жұмысынан айрылуына байланысты жәрдемақы тағайындалды, 10 адам кәсіптік оқуға жіберілді, 22 азамат субсидияланатын жұмыс орындарына жолдама алды. Азаматтардың еңбек құқықтарын қорғау мәселесі үнемі бақылауда.