Қазақстанда декреттік төлемді көбірек алу үшін табысын асырып көрсеткен 4 әйелге қатысты қылмыстық іс сотқа жолданды. Қазір оның үшеуін сот қарап жатыр. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Azattyq Rýhy ресми сауалына берген жауабында айтты.
Қазір республика бойынша декретке шыққан аналарға қатысты сегіз өңірде 17 қылмыстық іс тіркелген.
Соның төртеуі сот органдарына жіберілген. «Осыған дейін төлеушілермен (жұмыс берушілермен) жүргізілген жеке тексеріс негізінде нақты еңбек қатынастары болмаса да әлеуметтік аударымдарды аударған жағдайлар анықталған. Бүгінгі таңда Қор филиалдарының өтініші негізінде құқық қорғау органдары 17 қылмыстық іс қозғады.
Олар: Ақтөбе, Алматы, Қызылорда, Жамбыл, Шығыс Қазақстан, Абай облыстары және Алматы, Шымкент қалалары. Қозғалған қылмыстық істер аясында құқық қорғау органдары жедел-тергеу әрекеттерін жүргізіп жатыр. 4 қылмыстық іс (Ақтөбе, Қызылорда, Абай облыстары мен Шымкент қаласында) сот органдарына жолданып, оның ішінде 3 қылмыстық іс қаралып жатыр», - делінген ресми жауапта. Қылмыстық істер бойынша шешімді сот қабылдайды.