Прямая трансляция

Астана

Астана

25.77°C

Алматы кәсіпкерлері 2,2 трлн теңгеге қолдау алып, жаңа белестерге жетті

 «Даму» қорының қолдауымен Алматы экономикасы қарқынды дамып келеді, деп хабарлайды Pary.kz.

Алматы кәсіпкерлері 2,2 трлн теңгеге қолдау алып, жаңа белестерге жетті
Фото: Paryz.kz

Қазақстанның ірі мегаполисі әрі қаржылық және мәдени орталығы саналатын Алматы қаласында кәсіпкерлік пен бизнес салалары соңғы жылдары серпінді қарқынмен дамып келеді. Осы бағытта мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан жүйелі қолдаулар мен бастамалар арқасында, қаланың экономикалық әлеуеті артып, халықты жұмыспен қамту деңгейі де айтарлықтай жақсаруда. Бұл ретте кәсіпкерлікті дамытуға арналған негізгі институттардың бірі – «Damu» кәсіпкерлікті дамыту қорының рөлі ерекше.

Аталған қордың қолдауымен соңғы 10 жылда Алматыда 140 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды. Бұл – тек статистикалық көрсеткіш қана емес, қаланың әлеуметтік-экономикалық ахуалының жақсарғанының нақты дәлелі. Жаңа жұмыс орындары – қала тұрғындары үшін табыс көзі ғана емес, сонымен қатар кәсіпорындардың өндірістік қуаттылығын арттыру мен халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға ықпал ететін маңызды фактор.

Қаржыландыру және кәсіпкерлерге қолдау

«Damu» қоры арқылы Алматы қаласының кәсіпкерлері жалпы құны 2,2 трлн теңге болатын 20 400-ден астам жобаны жүзеге асыруға мүмкіндік алды. Бұл жобалардың 85 пайызы микро және шағын кәсіпкерлікке тиесілі. Яғни, негізінен жеке ісін енді бастап жатқан кәсіпкерлер мен шағын бизнес иелері мемлекеттің нақты қолдауына ие болуда.

Соңғы үш жылдың өзінде 449,3 млрд теңгеге 4 668 жоба мақұлданып, түрлі қаржылық және әкімшілік құралдармен қолдау тапты. Қолдау көрсетілген жобалардың басым бөлігі өңдеуші өнеркәсіп, сауда, көлік және қойма қызметі, сондай-ақ тұрмыстық сервистік салаларда жүзеге асқан. Бұл салада шаштараз, кір жуу, химиялық тазалау, сұлулық салондары, электрондық техника жөндеу қызметтері ерекше сұранысқа ие.

«Damu» қоры кәсіпкерлерге қаржыландырудан бөлек, кеңес беру, оқыту, жобаларды сүйемелдеу және тәуекелдерді төмендету қызметтерін де көрсетеді. Қордың бағдарламалары бизнес жүргізуге қолайлы жағдай жасауға бағытталған, бұл кәсіпкерлерге тек қысқа мерзімді табыс табуға емес, ұзақ мерзімді тұрақты бизнес құруға мүмкіндік береді.

Салық түсімі мен пайда

Қордың қолдауымен іске асқан кәсіпорындар 16,6 трлн теңгеге дейін табыс тауып, мемлекеттік бюджетке 1,2 трлн теңгеден астам салық төледі. Бұл мемлекет үшін де үлкен пайда – бір жағынан кәсіпкерлік дамиды, екінші жағынан салықтық түсімдер есебінен бюджеттік шығындар мен әлеуметтік бағдарламаларды қаржыландыру мүмкіндігі артады.
Стартаптарға ерекше назар

Қолдау тапқан жобалардың ішінде стартаптардың үлесі де айтарлықтай жоғары. Соңғы жылдары 4 406 стартап жобасына жалпы сомасы 308,9 млрд теңге көлемінде қолдау көрсетілді. Бұл – жаңа идеялар мен инновацияларды дамытуға, жас кәсіпкерлерді ынталандыруға бағытталған маңызды қадам. Сонымен қатар, стартаптардың басым бөлігі IT, өндіріс, қызмет көрсету салаларында шоғырланған. Бұл Қазақстанда цифрлық экономиканың және жаңашыл бизнестің даму әлеуеті жоғары екенін білдіреді.

Орта және ірі бизнеске де қолдау бар

Жобалардың тек 5%-ын орта бизнес (251 жоба), ал 1%-ын ірі кәсіпорындар (11 жоба) құрайды. Дегенмен, бұл жобалар көбіне жұмыс орындарының саны, өндірістік қуаты және экспорттық әлеуеті бойынша аса маңызды. Орта және ірі кәсіпорындардың дамуы экономиканың әртараптануына, өңдеу өнеркәсібінің күшеюіне және импортқа тәуелділіктің төмендеуіне ықпал етеді.

Нақты мысалдар

1. «Медикер» ЖШС
«Mediker Hospital International» – заманауи жабдықталған көпсалалы халықаралық медициналық орталық. Мұнда компьютерлік томография, МРТ, УДЗ, аспаптық диагностика, күндізгі стационар, реабилитация және т.б. медициналық қызмет түрлері ұсынылады. Компания жаңа ғимарат салу үшін 15%-бен несие алып, оның 6%-ын ғана өздері төлейді, қалған бөлігін мемлекет субсидиялайды. Осы жоба арқылы Алматы қаласының тұрғындарына жоғары сапалы медициналық көмек қолжетімді болды, ал кәсіпкер өз кәсібін жаңа деңгейге шығарды.

2. «SKBar» ЖШС
«SKBar» – 2019 жылы құрылған, Қазақстанда сироп, жеміс пюресі, кофе қоспалары және басқа да сусындарға арналған қоспалар өндіретін жетекші компания. «ESKOBAR» брендімен шығатын өнімдер бүгінде Қазақстаннан тыс елдерге – Қырғызстан, Әзербайжан, Ресейге экспортталады. Кәсіпорын «Лизинг Групп» арқылы көлік паркін жаңартып, логистикалық желісін күшейтті. Жаңа жабдық пен өндіріс желісі жұмыс тиімділігін бірнеше есеге арттырды. Компания алдағы уақытта Еуропа нарығына шығуды жоспарлап отыр.

Қаржылай қолдау құралдары
Субсидиялау шарттары:

•    Кәсіпкер төлейтін пайыздық мөлшерлеме – максимум 12,3%, әлеуметтік кәсіпкерлер үшін – 11,3%.
•    Қалған пайыздық бөлігін мемлекет субсидиялайды.
•    Субсидиялау мерзімі – 3 жыл.
•    Өтінімдер банк арқылы қабылданып, мақұлданғаннан кейін «Damu» қорымен үшжақты келісім жасалады.

Кепілдік беру:
•    Несие сомасы – 7 млрд теңгеге дейін.
•    Кепілдік көлемі – 85%-ға дейін (3,5 млрд теңгеден аспайды).
•    Мерзімі – несиелендіру мерзімімен бірдей.

Бұл кепілдіктер кәсіпкерлер үшін үлкен мүмкіндік, әсіресе кепілдікке мүлік қоя алмайтындар үшін.

«Өрлеу» бағдарламасы:

Жеңілдетілген несие алғысы келетін кәсіпкерлерге арналған. Несие мөлшерлемесі – 12,6%. Қаржы айналым қаражаты мен инвестициялық мақсаттарға беріледі:
•    Айналым қаражаты үшін – 3,5 млрд теңгеге дейін.
•    Инвестициялық мақсатта – 7 млрд теңгеге дейін.
•    Мерзімі – 3 жылдан 10 жылға дейін.

Жергілікті бағдарламалар:

Әкімдіктер жергілікті бюджет есебінен кәсіпкерлік жобаларды субсидиялау мен кепілдендіру механизмін қолдана алады. Бұл бағдарлама өңірлік ерекшеліктерге бейімделген және нақты сұранысқа ие салаларға бағытталған.

Кәсіпкерлік – ел экономикасының негізгі қозғаушы күші. Алматы қаласында «Damu» қоры арқылы жүзеге асқан жобалар – осының жарқын дәлелі. 140 мыңнан астам жаңа жұмыс орнының ашылуы, салық түсімінің артуы, өндірістің кеңеюі және жаңа бизнес түрлерінің пайда болуы – бұл мемлекеттік қолдаудың тиімділігін көрсететін нақты нәтижелер. Бұдан әрі де мұндай бағдарламалар жалғасса, Алматы ғана емес, бүкіл Қазақстандағы кәсіпкерлік саласы жаңа белестерге көтеріледі.

 

Элеонора ӘЗІРЖАН