Құқықтық тәрбие балалық шақтан басталады: Алматыда «Қазақстан балалары» жобасы жалғасуда. Алматы қаласында Халықаралық балаларды қорғау күніне орай «Қазақстан балалары» жалпыұлттық жобасы шеңберінде кең ауқымды іс-шаралар жүзеге асырылуда, деп хабарлайды Paryz.kz.
23 мамыр күні білім беру ұйымдарында өткен іс-шаралар «Полиция – балалардың қорғаны» ұранымен өтті.
Оқушылар мен жасөспірімдер арасында «Құқықтық тәртіп» тақырыбында ағартушылық іс-шаралар, пікірталастар мен қоғамдық нормалар мен мінез-құлық ережелерін түсіндіруге бағытталған кездесулер ұйымдастырылды. Аталған шараларға 100 мыңнан астам оқушы қатысты.
Мектептердегі оқушы парламентінің өкілдері «Жақсы мен жаман деген не?» тақырыбында зияткерлік ойындар өткізді.
«Құқықтық тәртіп – тұрақты әрі қауіпсіз қоғамның негізі» тақырыбындағы дебат турнирлері тартымды әрі мазмұнды өтті. Қатысушылар жасөспірімдерге құқықтық тәрбие беру үздіксіз әрі жүйелі түрде жүргізілуі тиіс деген ортақ пікірге келді.
Ішкі істер органдарының қызметкерлерінің қатысуымен тақырыптық сабақтар ұйымдастырылды. Оқушылар құқықтары мен міндеттері, заңға саналы әрі жауапты көзқарас қалыптастыру, құқықбұзушылықтың алдын алу мәселелері бойынша интерактивті дәрістер мен пікірталастарға белсенді қатысты. Іс-шаралар барысында құқықбұзушылықтың алдын алу, жасөспірімдердің құқықтық сауаттылығын арттыру және заң талаптарын құрметтеуге тәрбиелеу мәселелеріне ерекше көңіл бөлінді.
Балалар мен жасөспірімдер арасында «Маршрут», «Қауіпсіз аула», «Қауіпсіз кіреберіс» атты профилактикалық акциялар кең ауқымда өткізілді. Ата-аналар мен қала тұрғындарына балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған ұсыныстар жазылған жадынамалар таратылды.
Мектептерде ақпараттық бұрыштар, жадынамалар мен көрнекі материалдар орналастырылды. Сынып ұжымдарының және ата-аналар қауымдастығының мессенджер-топтарында балалардың қоғамдық өмірдегі қауіпсіздігіне арналған бейнероликтер кеңінен таратылды.
Сондай-ақ, Алматы қаласының Төтенше жағдайлар департаменті, жол-патрульдік, өртке қарсы және ювеналды полиция қызметкерлері мен психологиялық қолдау орталығының мамандарының қатысуымен «Бала қауіпсіздігі – басты назарда» атты жалпықалалық ата-аналар жиналысы өтті.