Жетісайлық шаруалар ерте піскен қауындарын шетелге жөнелтіп, экспортты бастап кетті.
Әл-Фараби Күзенбаев басқаратын «Әл-Фараби» шаруа қожалығы алғашқы 100 тонна өнімін Ресей Федерациясына экспорттап жатыр.
Диқан 50 гектар жерге «Нұр-Бакинка» және «Дампера» сортты қауындар ексе, қосымша 250 гектар алқапқа мақта шитін сепкен.
Қауын көшеттері ауа райының ерекшеліктеріне байланысты жоспарланған 65 күннен сәл ұзағырақ – 70 күнде пісіп жетілді.
– Биыл қауынымыз да пісті. Ресей нарығынан сұраныс жоғары. Қауынның келісін егістік басынан 400 теңгеден өткізіп жатырмыз. Ешқандай делдалсыз, өзіміз тиеп жіберіп жатырмыз, – дейді шаруа қожалығының төрағасы.
Шаруашылық бүгінде 30-ға жуық жергілікті тұрғынды маусымдық жұмысқа тартқан. Оларға күн сайын 8-12 мың теңге аралығында жалақы төленеді. Жалпы диқан гектарынан 400 центнер өнім алуды жоспарлап отыр.