Прямая трансляция

Астана

Астана

-10.03°C

Жалақы алмаған қазақ футболшылары такси болып күн көріп жүр

Оралдың «Ақжайық» футбол клубындағы жағдай жыл соңына таман тіпті күрделене түсті. Клубтың 33 ойыншысы мен тағы 70 адам жыл басынан бері айлық жалақысын алмаған. Бұл туралы журналист Гүлмира Әбіқай өзінің Instagram-парақшасында айтты, деп хабарлайды paryz.kz 1bol.kz-ke сілтеме жасап.

Жалақы алмаған қазақ футболшылары такси болып күн көріп жүр
фото: әлеуметтік желіден

Күнкөріс қиындағандықтан клубтың кейбір ойыншысы такси болып ақша табуға мәжбүр. Тіпті, несиесін жабу үшін жүк тасымалымен де айналысады екен.

«Оралда спорт басындағылар бір-бірімен тіресіп отыр. Зардабын футболшылар көруде. Бір өңірдегі бетке ұстар команданың тоз-тозы шықты. Клуб 4 жылдан бері жекеге өткен. Үкіметтен бөлінген қаржы кері кетті. Мемлекеттік сатып алу бойынша футбол тарихында болмаған талаптар қойып, лот ойналмады. Мәселен, Түркістан облысы аттай 9 футбол клубының басын қосып, жарысқа қосса БҚО бір команданың өзін ептей алмай отыр. Кім кінәлі? Қасақана аяқтан шалудың артында кім тұр? Өңірде теңбіл допқа қызыққан 600 баладан 100-і қалды. Соңғы кезде байқасақ, жақсы жұмыс істеп жатқан кәсіпкер байқатпай бизнестен сырылуда", - деп жазды журналист Гүлмира Әбіқай. 

Алайда, бұл жағдай әзірге оң шешімін таппайтын секілді. Себебі спортқа жауапты басшының спорт саласына он қайнаса да сорпасы қосылмайды. Бұл туралы спорт журналисі Аслан Қаженов мәлімдеген болатын.

«Бұл кісі спорттың ішінде қыз-қыз қайнап жүрген адам емес. Тарихшы. Ал, бұған дейін облыстық спорт басқармасын қаржыгер басқарып келген еді. Енді тізгінді педагогқа беріпті. Өкініштісі сол, аймақта спорт саласы жылдан жылға нашарлап барады. Бір кездері ұлттық құрамаға тұрақты резерв беріп, Олимпиада ойындарына 3-4 лицензия алатын өңір еді. Данияр Елеусінов сияқты жазғы ойындардың чемпионы да шықты. Ал, қазір соның барлығы арманға айналды. Яғни, барды жоқ қылып отырмыз. Бүкіл Батыс Қазақстан облысында спортқа кәдімгідей жаны ашитын, менеджерлік қызметті жақсы атқаратын бірде-бір маман жоқ дегенге сенбеймін. Бар. Болғанда қандай. Нағыз жігіттердің төрелері жүр ғой. Бірақ, оларға мүмкіндік бермейді. Неге екенін қайдам, әкімдік осындай адамдарды басшылыққа қоюға әуес», - деді ол.

Еске салайық, «Ақжайықтың» мүшкіл жайы туралы бұған дейін де көп айтылған. Облыс басшылары проблеманы шешуге құлықты емес.