Түркістан облысының тұрғындары тәртіп сақшыларына 100 қару тапсырды, деп хабарлайды Paryz.kz.
Polisia.kz мәліметінше, ҚР ІІМ нұсқауына сәйкес, қоғамдық құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету мен атыс қаруын қолдану арқылы жасалған құқық бұзушылық қылмыстарының алдын алу мақсатында Түркістан облысында тұрғындардан заңсыз сақталған қаруды, оқ-дәрілерді және жарылғыш заттарды сатып алу акциясы өткізіліп жатыр.
«Жыл басынан бері бүгінге дейін облыс бойынша 76 азамат сақшыларға өз еркімен 100 атыс қаруын тапсырды. Оның ішінде 10-ы – кіші ойық ұңғылы мылтық болса, 90-ы – тегіс ұңғылы мылтық. Сонымен қатар, тіркелмеген қаруды ерікті түрде тапсырған азаматтарға орта есеппен 70 мың теңгеден 123 мың теңге аралығында қарудың жарамдылығына қарай ақшалай сыйақы берілді», – делінген ақпаратта.
Сондай-ақ, акция барысында Түркістан облысының полицейлері тұрғындарды заңсыз сақталған және тіркелмеген қаруды өз еркімен тапсыруға кеңес береді. Қаруды, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттарды өз еркімен тапсырған азаматтар қылмыстық және әкімшілік жауапкершіліктен босатылады.