“Перзент” балалар үйінің басшысы Әмина қажы Әжібаева балалар үйіндегі тәрбиеленушілерді дінге үгіттемейтінін айтты, деп хабарлайды Paryz.kz Skifnews.kz-ке сілтеме жасап.
Ол журналист Жанар Байсемізге берген сұхбатында кеңінен сыр шертісіп, алдағы жоспарларын да бөлісті.
”Күштеп орамал таққызбаймын. Бірақ өздері таққанды жақсы көреді. Қыздар 13 жасқа толған жоқ. Сондықтан намазға рұқсат бермеймін. Қазір намаз оқымайды. Ал ұлдардың барлығы оқиды. Жасқа қарамай оқи береді. Ешқандай дінге мәжбүрлемеймін. Мысалы, моншадан шыққанда бәрі шаштарын жайып жүреді. Шаш кебу керек қой, әйтпесе биттеп кетеді ғой”, – дейді ол.
Сондай-ақ қара жамылып жүретіндерге қатысты да пікір білдірді.
“Бір күні егістіктен келе жатып, мешітке кірдім. Әйелдердің әжетханасын тексерейін деп кіргенмін, негізі. 5-6 әйел қара жамылып жүр екен. Тек көзі ғана көрінеді. Содан жинап алып ұрыстым. Солардың бірі ұйғыр, тәжік, өзбек емес, тек қазақтар. “Екінші рет келетін болсаңдар, аяқтарыңды сындырамын. Сендердің арттарыңда комитет жүреді” дедім. Кезінде Назарбаев осындайларды кіргізгенде қарсы шыққан едім. Содан мені ол кісі жек көріп кетті. Одан кейін шетелге бала сатқанын да бетіне бастым. Жетімдер үйіне көмектескен емес. Менің тілім ащы емес пе, тиісіп қалдым. Кейін өз қыздарым ренжіп, үндемеші деп жалынды”, – деді Әмина апа.