Прямая трансляция

Астана

Астана

17°C

Алексей Луценко Азия ойындарында алтыншы алтын медалін жеңіп алып, Қазақстан рекордын жаңартты

Қазақстандық велошабандоз Алексей Луценко Жапонияның Айти және Нагоя қалаларында өтіп жатқан 2026 жылғы Азия ойындарында топтық жарыста алтын медаль жеңіп алды, деп хабарлайды Paryz.kz.

Алексей Луценко Азия ойындарында алтыншы алтын медалін жеңіп алып, Қазақстан рекордын жаңартты
Фото: Ұлттық олимпиада комитеті, Владислав Семенов

Бұл жеңіс Қазақстан құрамасының көшбасшысы үшін Азия ойындарындағы алтыншы чемпиондық атақ болды. Осылайша, Луценко жазғы Азия ойындарында жеңіп алған алтын медаль саны бойынша ұлттық рекордты жаңартты.

Бұған дейін бұл рекорд қазақстандық каноэші Константин Негодяевқа тиесілі болған. Ол Азия ойындарында бес рет чемпион атанған. Негодяев Хиросимада өткен 1994 жылғы ойындарда үш алтын медаль жеңіп алса, 1998 жылғы Бангкок ойындарында тағы екі алтын жүлдеге ие болған.

2026 жылғы Азия ойындарында Луценко бұған дейін жекелей уақытқа жарыста жеңіске жетіп, құрлықтық ойындардағы алтын медальдарының санын беске жеткізген еді.

Оған дейін ол 2014, 2018 және 2022 жылдары жекелей уақытқа жарыста чемпион атанды. Сондай-ақ 2018 жылы Джакартада өткен Азия ойындарында топтық жарыста алтын медаль жеңіп алған. Ал 2022 жылғы Азия ойындарында топтық жарыста күміс жүлдеге ие болды.

Осылайша, қазіргі Азия ойындарындағы топтық жарыста жеңіске жеткеннен кейін Алексей Луценко жазғы Азия ойындарында алты алтын медаль жеңіп алған тәуелсіз Қазақстан тарихындағы алғашқы спортшы атанды.