Прямая трансляция

Астана

Астана

32.37°C

«Қайрат» Болгарияның 27 дүркін чемпионымен кездеседі

Алматылық «Қайраттың» Чемпиондар лигасы-2026/27 үшінші іріктеу кезеңіндегі қарсыласы белгілі болды.

«Қайрат» Болгарияның 27 дүркін чемпионымен кездеседі
Фото: Қайрат ФК

Бұл кезеңде қазақстандық клуб Болгарияның 27 дүркін чемпионы – «Левскимен» кездеседі. Болгариялық команда екінші іріктеу кезеңінде Румынияның «Университатя» клубын жарыс жолынан шығарды.

Алғашқы кездесуде «Левски» өз алаңында 1:0 есебімен жеңіске жетсе, қарымта ойында 2:2 есебі тіркеліп, екі матчтың қорытындысы бойынша келесі кезеңге өтті. 

Тарихына көз жүгіртсек, «Левски» Болгария чемпионатын 27 рет жеңіп алған. Ал «Қайрат» Қазақстанның бес дүркін чемпионы саналады. Сондай-ақ Transfermarkt мәліметінше, болгариялық клубтың жалпы трансферлік құны алматылықтардан шамамен үш есе жоғары. 

Командадағы ең қымбат ойыншы – 3,5 миллион еуроға бағаланған бразилиялық сол қаптал қорғаушысы Майкон. Екі команда арасындағы алғашқы матч 4 немесе 5 тамызда Болгарияда өтсе, қарымта кездесу 11 немесе 12 тамызда Түркістанда ұйымдастырылады. Айта кетейік, жауапты ойын бастапқыда Алматыда өтуі тиіс болған. Алайда Орталық стадионда концерт жоспарланғандықтан, матч Түркістанға ауыстырылды. 

Еске салсақ, «Қайрат» екінші іріктеу кезеңінде Кипрдің «Омониясын» пенальти сериясында 6:5 есебімен жеңіп, келесі кезеңге жолдама алды. Негізгі екі кездесудің қорытындысында есеп тең болған еді – командалар өз алаңында 1:0 есебімен бір-бірінен басым түсті.

Пенальтиде алматылықтардың қақпашысы Темірлан Анарбеков екі соққыны қайтарып, командасының жеңісіне шешуші үлес қосты. Осы нәтиженің арқасында «Қайрат» 2026/27 маусымында кем дегенде Конференциялар лигасының негізгі кезеңіне қатысу мүмкіндігін қамтамасыз етті.