Ұлан-Батырда (Моңғолия) дзюдодан Grand Slam сериясындағы турнир басталды. Бұл жарыс 2028 жылы АҚШ-тың Лос-Анджелес қаласында өтетін Олимпиада ойындарына іріктеу кезеңіндегі алғашқы турнир болып саналады.
Жарыстың алғашқы күнінде Қазақстан құрамасы жүлдеге қол жеткізе алмады. Қазақстандық дзюдошылар арасында ең үздік нәтижені Диана Бүркеева (48 келіге дейін) көрсетті. Ол жұбаныш белдесуіне дейін жетіп, онда испаниялық Абелинда Мартинеске есе жіберді.
Осы салмақ дәрежесінде Ғалия Тынбаева екінші айналымда франциялық Ширин Буклиден жеңіліп, жарысты аяқтады. Ерлер арасындағы 60 келіге дейінгі салмақта Мағжан Шамшадин алғашқы белдесуінде италиялық Бьяджо Анджелодан жеңілсе, Аман Бақытжан екінші айналымда грузиялық Георгий Сардалашвилиге жол берді. 66 келіге дейінгі салмақта Нұрқанат Серікбаев пен Ақжігіт Насыр жарысты 1/8 финал кезеңінде аяқтады.
Серікбаев әзербайжандық Руслан Пашаевтен жеңілсе, Насыр моңғолиялық Эрхэмбаяр Баттогтохқа есе жіберді. Әйелдер арасында 52 келіге дейінгі салмақта Аружан Ережепова алғашқы белдесуінде моңғолиялық Гал-Од Цэрэнтогтохтан жеңілді. Ал 57 келіге дейінгі салмақта Дана Әбдірова түрікменстандық Майса Пардаевадан ұтылса, Дина Мұханбет Ирина Зуеваға жол берді.