Боксшы Жәнібек Әлімханұлының менеджері Берік Сұлтан спортшыға қатысты допинг дауына байланысты мәлімдеме жасап, тыйым салынған ешқандай зат қолданылмағанын айтып, қазіргі таңда істі мамандар мен заңгерлер қарап жатқанын жеткізді, деп хабарлайды paryz.kz.
«Жәнібек ақ! Тыйым салынған ешқандай зат қолданбайды! Бокстағы допинг дауы бойынша мамандар айналысып жатыр. Промоутер, менеджер мен заңгерлер жұмысын жасауда! Жәнібек те, мен де ештеңе жасай алмаймыз, біздікі тек күту! Барынша аз уақытқа шеттетілу бойынша жұмыс жасалып жатыр! Қайғырып отыра бергеннен ештеңе шешілмейді! Бұдан да өтеміз!», – деп жазды ол.
Берік Сұлтанның жазуынша, қазіргі таңда мамандар тыйым салынған заттың спортшы ағзасына қалай түскенін анықтап жатыр.
«В сынамасынан да сол зат шыққан екен. Өкінішті, әрине! Бірақ басқаша болу мүмкіндігі төмен еді. Ендігі қадам не болады соны күтудеміз. Біздің мамандар айналысуда. Қайдан ағзаға кіруі мүмкін деген сұрақтар көтерілуде! Өйткені Жәнібек ондай тыйым салынған зат қоданбаған! Күтейік ақырын!», – деді ол.