Прямая трансляция

Астана

Астана

25.77°C

Жәнібек Әлімханұлының «В» сынамасы допинг барын растады

Қазақстан кәсіпқой бокс федерациясының президенті Рахымжан Ерденбековтің айтуынша, Әлімханұлы тергеу аяқталғанға дейін барлық жекпе-жектен шеттетілді.

Жәнібек Әлімханұлының «В» сынамасы допинг барын растады
Фото: әлеуметтік желіден

Бір күн бұрын Ерденбеков Instagram желісіндегі парақшасында бокстан әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлының ісі қаралып жатқанын хабарлағанымен, нақты мәлімет бермеген еді. 20 қаңтарда ҚКБФ президенті алғаш рет Жәнібек Әлімханұлының допинг-сынамасының қорытындысын жариялап, тыңдау туралы егжей-тегжейлі айтып берді.

— Жақында Америкадағы VADA ұйымынан 34 беттен тұратын сараптама қорытындысы келіп, В сынамасы расталды (Әлімханұлында допинг бар екені —ред). Қазіргі таңда Жәнібекке қатысты юрисдикцияны біздің федерация өз қолына алды. Өйткені ол — федерациямыздың лицензияланған боксшысы. Сонымен қатар оның қатысуымен өткен соңғы бокс кеші Астанада, біздің санкциямызбен ұйымдастырылды. Қазір басты мәселе — ол бұл затты әдейі қабылдады ма, жоқ па? Оның ағзасына қалай түсті? Әзірге осы сұрақ ашық күйінде тұр, — деді Рахымжан Ерденбеков. 

Ол бір күн бұрын, 19 қаңтарда өткен тыңдаудың егжей-тегжейін де айтып берді. Белгілі болғандай, Әлімханұлының ісін тәуелсіз сарапшылар да, ҚР Туризм және спорт министрлігінің өкілдері де қарап жатыр. Тыңдау спортшының кінәсіздік презумпциясын қуаттай отырып, халықаралық спорт құқығы стандарттарына сәйкес өткізіліп жатыр. 

— Жәнібекке көптеген сұрақ қойылды. Сәуір айынан бері біз оның осы заттар анықталғанға дейінгі бүкіл өмір жолын тыңдадық. Кеше мен қазір жариялай алмайтын жаңа деректер белгілі болды. 23 қаңтарда тыңдауды жалғастырамыз, - деді Ерденбеков.

Ол істі қарау қорытындысы бойынша барлық материал тиісті ұйымдарға, соның ішінде WBO, IBF және басқа да ұйымдарға жолданатынын атап өтті. Титулдарынан айыру немесе айырмау жөніндегі шешімді сол ұйымдар қабылдайды. Ал қазір, тыңдаулар уақытында Жәнібек Әлімханұлы жекпе-жектерден шеттетілді.