Прямая трансляция

Астана

Астана

25.77°C

FIFA Қазақстанда 100 шағын футбол алаңын салады

Қазақстан халықаралық FIFA Arena жобасын жүзеге асыру туралы келісімге алғашқылардың бірі болып қол қойды, деп хабарлады туризм және спорт министрлігі.

FIFA Қазақстанда 100 шағын футбол алаңын салады
Фото: Sputnik / Болат Шайхинов

Бұл бастама балалар мен жасөспірімдер футболын дамытуға және мектеп оқушыларына заманауи спорт инфрақұрылымына тең қолжетімділік жасауға бағытталған.

"Жоба аясында еліміздегі жалпы білім беретін мектептердің аумағында 100 шағын футбол алаңы салынады. Бұл – жобаға қатысушы елдер арасындағы ең жоғары көрсеткіш. Алғашқы алаңдар биыл Хромтау мен Көкшетау қалаларында пайдалануға беріледі. Бағдарламаны толық аяқтау 2027 жылға жоспарланған", - деп жазылған хабарламада. 

Әр алаң FIFA стандартына сәйкес салынады. Әмбебап құрылым алаңдарды қолданыстағы мектеп аулалары мен спорт аймақтарына ыңғайлы түрде салуға мүмкіндік береді. Жоба ең алдымен шағын қалалар мен ауыл мектептерін қамтиды. 

Қаржыландыруды FIFA қамтамасыз етсе, туризм және спорт министрлігі, оқу-ағарту министрлігі мен жергілікті атқарушы органдар ұйымдастырушылық қолдау көрсетеді.

Кейінгі жылдары елімізде FIFA және УЕФА-ның қолдауымен Талғарда ұлттық құрамаларға арналған оқу-жаттығу базасы, Астанадағы Футбол үйі мен манеж, Шымкенттегі жеке "БИІК" базасы және Қостанайдағы "Тобол" клубына арналған толыққанды манеж салынды.