Ливерпульде (Ұлыбритания) өтіп жатқан бокстан әйелдер арасындағы әлем чемпионатында қазақстандық қос боксшы жартылай финалға шығып, кемінде қола жүлдені қоржынға салды, деп хабарлайды Paryz.kz.
51 келіге дейінгі салмақта сынға түскен Алуа Балқыбекова ширек финалда тайбэйлік И-Сюань Гуомен кездесіп, айқын басымдықпен жеңіске жетті.
Осылайша, ол кем дегенде әлем біріншілігінің қола жүлдесін иеленді.
Ал 65 келіге дейінгі салмақта ел намысын қорғаған Аида Әбікеева 2020 жылғы Олимпиада чемпионы, түркиялық Бусеназ Сюрменелимен кездесті.
Отандасымыз бірінші раундтан-ақ қарсыласын қыспаққа алып, төрешілердің шешімімен 5:0 есебімен айқын жеңіске жетті. Бұл жеңіспен Әбікеева да жартылай финалға жолдама алып, кем дегенде қола медальді қоржынға түсірді.