6 қыркүйекте Халықаралық «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесінің төртінші кезеңі аяқталды. Таңғы 7:00-де 11 команда Ақмола облысының Жалтыр елді мекенінің маңынан жорықты бастап, Ақмола облысының аумағындағы Тоғанас ауылында аяқтады, деп хабарлайды Paryz.kz.
Жалпы жол қашықтығы – 500 шақырым, және бағыт Солтүстік Қазақстан, Ақмола облысы және Астана қаласын қамтиды. Марафон ертең, яғни 7 қыркүйекте Астанада аяқталады. Жорық бағдарламасына сәйкес, командалар марафон-бәйгенің 400 шақырымын бағындырды. Ертең бесінші кезеңді бастайды.
Тоғанас ауылы маңынан басталатын жорық Астана қаласының маңына барып тоқтайды. Жеңімпаздарды марапаттау сағат 20:00-де «Қазанат» атшабар алаңында (этно-ауыл) өтеді.
Төртінші кезең (100 шақырым) қорытындысы бойынша, Қабардин-Балқар командасы жеңімпаз атанды. Қазақстандық Маңғыстау облысының командасы мәре сызығына екінші болып жетсе, үздік үштікті қазақстандық Ақтөбе облысының командасы түйіндеді.
Сараптамалық қорытынды: Марафон жұмысына 2 халықаралық және 5 қазақстандық судья, сондай-ақ 4 халықаралық және 3 қазақстандық мал дәрігері қатысып, жоғары стандарттарды сақтау мен жылқылардың денсаулығына қамқорлық жасауға кепілдік береді.
Жоба ұйымдастырушысы: ҚР Ұлттық спорт қауымдастығы және Республикалық «JORYQ» ат спорт федерациясы. Қолдау көрсетушілер: AMANAT партиясы, Туризм және спорт министрлігі, Sport Qory, Солтүстік Қазақстан, Ақмола облыстары мен Астана қаласының әкімдігі.
Ақпараттық серіктестер: «Хабар», «Қазақстан», «Астана» телеарналары, NurMedia және Halyq Uni Media ресурстары.
«Ұлы Дала Жорығы» – жылқы малының ең мықты әрі төзімді тұқымы анықталатын далалық лабораториясы.